08 Ақп 2021
Жаңалықтар

"Отбасымның өлке тарихымен сабақтастығы"

ЖББ Амангелді Мектеп Балабақшасының 9сынып оқушысы Сундеткалиева София Аймырзақызы

"Менің өлкемнің тарихындағы отбасымның тарихы" облыстық эссе байқауына жұмысын жолдайды.

"Отбасымның өлке тарихымен сабақтастығы"

Әр өлке тарихы заман сайын толықтырылып отырады. Соның негізінде, адам мен өлке – өзара бірлескен ұғымдар. Өлке тарихы адамзаттың тіршілігімен сабақтасып жазылатыны хақ. Ата-бабаларымыздың туған өлкеміздің тарихына еңбектері көп сіңді. Қазақ тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлықтай тірліктері туралы көп айтылған.

Мен өлкемнің тарихындағы өз отбасыма тоқтала кетпекпін. Ұлы Отан соғысынан кейін бала кезінен жұмысқа араласып, қиындық көрген жан, ол менің атам – Ахмет Сундеткалиев. Атамның әңгімесінен: «Әкем 1942-1947 жылдары тылда болды. Соғыстан кейінгі жылдары елде ауыл шаруашылық күйзеліске түсіп, көптеген жерлер дағдарысқа ұшырады. Бала кезімде егін айналасынан тышқан ұстап, тары участоктерінде, плантацияда арамшөп жұлдық. Тракторға тіркелген тіркемеде сабанда отырдық». 1956-1959 жылдары ауылшаруашылық техникумды бітіріп келіп, 1959-1998 жыл аралығында агроном қызметін атқарып, еңбек еткен. 1969 жылы 1 наурызда астық өсіру кеңшары ретінде Амангелді совхозы құрылды. Негізгі бағыты егін шаруашылығы. Сол кезде қарамағында 1-Шежін, Беленький, Ермольчево бөлімшелері болды. Ата-әжемнің туып-өскен жері – Беленький ауылы. Атам өзінің еңбек жолында егін шаруашылығын басқарып, 1973-1978 жылдары Орал облысы Камен ауданы бойынша ең жоғары өнім: гектарына 40 центнер алғанын айтып өтті. Ал әжем – Табынова Бақытқаным Бисеновна 1959-1962 жылдар аралығында медициналық училищеде оқып, алғашқы еңбек жолын 2-Шежін совхозында бастаған. Кейін Беленький бөлімшесінде фельдшер-акушер қызметін жалғастырған. Әжем зейнеткерлікке шыққанға дейін осы аталған ауылдағы аналардың баланы дүниеге әкелуіне өз үлесін қосып, 500-ге жуық баланың кіндігін кескен. Бұл туралы 2020 ж Тасқала аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газетінде «Алғыс арқалаған абзал жан» атты мақала жарияланды. Міне, осылай ата-әжем елі үшін еңбек етіп тер төккен, өлкенің дамуына үлес қосқан, елге сыйлы жандар. Осындай атам, әжем барына мен үлкен мақтанышпен қараймын. Олар 6 бала тәрбиелеп, өсірген. Халық даналығында «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, ата-әжемнің тәрбиесін көріп, отбасы құндылықтарын бойларына сіңіріп өскен балалары қазіргі таңда Абай атамыз айтқандай «сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп, қалаған мамандықтарын иеленіп, әр салада жұмыс істеп жатыр. Сол балаларының бірі менің әкем – Сундеткалиев Аймырза Ахметұлы.

Атадан қалған мұраны жалғастырып, мал шаруашылығын дамытып, Атамның әкесі Бекмолда, яғни үлкен атам өте малсақ адам болған. Сол қасиеті менің әкеме дарыған. Менің әкем еңбекқор жан. Анам – Сундеткалиева Светлана Тулегеновна. Ол 1991 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келеді. Анам әрқашан әкеме қолдау көрсетіп отырады. Әкем 2014 жылы шаруа қожалығын ашып, асыл тұқымды мал басын көбейту жолында ерінбей еңбектенуде. Ол мал азығын өзі өсіреді. «Табыстың кілті – ата кәсіпте» деп әкем інімді шаруаға үйретуде. Анам әрдайым: «Үлкендердің әрекеттері балаға үлгі» деп әкемнің жұмысын бейнероликке түсіріп, бізге жіберіп отырады. Оның еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Мысалы: 2016 ж. Тасқала аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газетінде «Ауылда ақбас өсірген», 2020 жылы «Ауыл аймақты ұйқысынан оятатын бағдарлама қажет», 2018 жылы «Орал өңірі» газетінде «Мал азығын өзі өсіреді», 2020 жылы «Жұмыссыздары жоқ ауыл» мақалалар жарық көрді.

Айпырмай!

Туған жер — ай!

Теңдесер кім,

Бұл жерге сен болмасаң келмес едім.

Кіндігімді байлаған қазығым-ай,

Сен болмасаң бұл маңды көрмес едім, — деп ақиық ақынымыз М. Мақатаев жырлағандай, менің ата-анам өздерінің кіндік кескен, туып — өскен мекенін қастерлеп, оның тыныс - тіршілігін, тарихын, мәдениетін қадірлеп келеді. Олардың бойларынан туған өлкеге деген махаббатын көруге болады.

Мен әрқашан отбасыммен мақтанамын. Осындай бақытты отбасында 5 бала тәрбиеленудеміз. Өзімді ең бақытты жанға теңеймін. Себебі маған ақылын айтып отыратын атам, маңдайымнан иіскеп айналып отыратын әжем бар. Отбасының барлық жағдайын жасап қамқорлық көрсететін әкем, дәмді асын дайындап, күннің шуағындай мейірімге бөлейтін анам бар. Білмегенімді үйрететін әпкелерім бар. Қазіргі таңда үлкен әпкем Фатима Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы медициналық университеттің 7 курс интерны. Ал екінші әпкем Халида Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің магистранты. Менің де кішкене болса да ересек екенімді еске жиі түсіретін інім Әбілмансұр және сүйкімді сіңлім Жасмина бар. Әжем бір-бірімізге сөйлегенде жылы да мейіріммен сөйлеуімізді әрдайым айтып отырады. Ата-анамыз әрқайсымыздың бойымызға ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіруде. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Әркімге туған жері, елі қымбат. Менің ойымша, адам баласы үшін туған өлкесінен артық еш нәрсе жоқ. Болашақта ата-әжемдей, ата-анамдай, әпкелерімдей үлгі тұтар, елімнің дамуына, көркеюіне, өркендеуіне үлес қосатындай азаматша болуға тырысамын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Мұражай материалдары

Отбасының жеке архивінен материалдар

Рауан Таңатжанұлы. Ауылда ақбас өсірген. «Екпін» газеті. – 2016. - №47. – 3б.

Динара Жұмабекқызы. Мал азығын өзі өсіреді. «Орал өңірі» газеті. - 19.07.2018. – 6б.

Тоқмамбетов Т. Ауыл аймақты ұйқысынан оятатын бағдарлама қажет. «Екпін» газеті. – 2020. - №5. – 3б.

Бияшева Г. Жұмыссыздары жоқ ауыл. «Орал өңірі» газеті. – 2020. - №43. – 5б.

Гүлнар Тасболатқызы. Алғыс арқалаған абзал жан. «Екпін» газеті. – 2020. - №23. – 6 б.

2020 жылдың 16 қарашасынан бастап Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған айлық өткізіліп келеді. Тақырыбы: Жаһандық ынтымақтастық. Ортақ жауапкершілік ».

Бұл тақырып Дүниежүзілік ЖИТС-пен күресу күнінен бастап туындаған жаһандық мәселелердің тізімін толықтырады. Ақпараттық шаралар әлемнің барлық аймақтарында өткізіледі. Көптеген адамдар қызыл лентаны- ВИЧ-пен өмір сүретін адамдар туралы хабардарлықтың, қолдаудың және ынтымақтастықтың халықаралық символы ретінде тағады. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға өміріндегі маңызды тақырыптар бойынша сөйлеуге мүмкіндік беріледі.

АИТВ-инфекциясы мәселелеріне назар аударуға,алдын алуға шақыру мақсатында мектепте ақпараттық стенд, тәрбие сағаттары арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.